24.06.2021 _ 12:50

«Ikomek 109» орталығы өзінің маңыздылығын көрсетті – Шымкент әкімі

Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес, өткен жылы «109» желісі арқылы «iKomek» байланыс орталығы ашылды. Бір жылда оған 150 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Бүгінде өтініштердің 98 пайызы қаралып, шешімін тапты. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Шымкент әкімі Мұрат Әйтенов мәлім етті.

 
«Орталық тәулігіне 24 сағат демалыссыз қызмет етеді, азаматтардың өтініші бойынша әлеуметтік мәселелерді шұғыл шешумен айналысады. Бұл жоба өзінің өміршеңдігін көрсетті. Одан бөлек, қала әкімі бастаған басшылық құрам апта сайын әлеуметтік желілер мен ақпарат құралдары арқылы тікелей эфирге шығып, халық сұрағына жауап беріп отырады», - деді Әйтенов. 


Сонымен қатар, биылдан бастап қаладағы 4 ауданға «Халық қатысатын бюджет» жобасы енгізілді. Қаланың кез келген тұрғыны «электрондық үкіметтің» веб-порталына кіріп, өз ұсыныстарын қалдырып, кері жауап ала алады.