25.06.2021 _ 12:00

Алматының индустриялық аймағында жыл соңына дейін 40 млрд теңгенің 9 жобасы іске қосылады

Өнеркәсіптік саланы қолдау аясында Индустриялық аймақ дамытылуда. Жыл соңына дейін 40,3 млрд теңге сомасына 9 жоба іске қосылады, 823 жұмыс орны құрылады. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қала экономикасының ежелгі салаларын қалпына келтіру жайлы баяндады.


«Шағын кәсіпорындар үшін Индустриялық аймақта орта есеппен 5 мың шаршы метрден болатын шағын өнеркәсіптік парктер - өндірістік үй-жайлар салынуда. Биыл 4 шағын өнеркәсіптік паркті іске қосу жоспарлануда. Қазіргі кезде Түрксіб, Алатау және Наурызбай аудандарында осындай бір-бір шағын парктер іске қосылды. Шағын өнеркәсіп парктерінің резиденттері үшін жылдық 2% жеңілдікпен қаржыландыру және 1 шаршы метр үшін 1200 теңгеден алаңды жалға алу қолданылады. «Алатау» ИТП арнайы экономикалық аймағы да белсенді дамуда. Жылдың басынан бері 8 жоба бойынша өндірістік алаңдарды жобалау басталды. Инвестициялардың жалпы сомасы 44,5 млрд теңгені құрайды, 1,6 мыңнан астам жұмыс орны құрылады», - деді қала әкімі. 


Сауда қала үшін маңызды сала болып қала береді - ЖӨӨ-нің 32,9% - ы, жұмыспен қамтылғандардың 24,4%-ы осы салада жұмыс істейді. Биыл базарлар орнында 81 жаңа заманауи сауда нысанын іске қосу жоспарланып отыр. Қаланың онлайн-тауар айналымының көлемі де 2,3 есеге өсті.