25.06.2021 _ 12:40

Алматыда экологияны жақсарту бойынша әр пікірді ескереміз – мегаполис әкімі

Өткен екі жыл ішінде 72 қоғамдық кеңістік абаттандырылды. Биылғы жылы қаланың барлық аудандарындағы 23 кеңістікте жұмыстар жүруде. Сайран көлін абаттандыру жобасы жасалуда. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Бақытжан Сағынтаев хабарлады.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ЖЭО-ын газға көшіру жобасы жүзеге асырылуда. Жақын арада жұмыстар аяқталатын болады. Қазір Үкімет, Самұрық-Қазына қоры және әкімдік аяқтау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жақын арада бұл туралы хабарланады. Бастапқы жарияланған мерзім сақталады деп ойлаймыз. Экомониторинг жүйесін дамыту аясында 9 экопост орнату жүргізілуде, тағы 10-ы жыл соңына дейін кезең-кезеңімен жұмыс істей бастайды. Екінші жыл ішінде 3 жылда 1 млн ағаш отырғызу бойынша «Жасыл Алматы» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Қазірдің өзінде 480 мың түрлі тұқым көшеттері отырғызылды. Жыл соңына дейін 300 мыңнан астам жас ағаш отырғызу жоспарланған», - деді әкім. 


Бұдан басқа, жасыл желектер тізілімі қалыптастырылды, онда әрбір ағашқа электрондық паспорт енгізілді. Жүйе ашық қолжетімді болады. Сондай-ақ, биыл ағаштарды отырғызуға және кесуге рұқсат беру процесі автоматтандырылады. 


«Экология мәселелері бойынша азаматтық қоғаммен өзара байланыс орнатылған. Қаланың іскерлік кеңесі аясында жұмыс тобы құрылды, оның құрамына экологтар, сарапшылар, белсенділер кірді. Біз Алматының экологиясын жақсарту ісінде әркімнің пікірін ескереміз», - деп сендірді Бақытжан Сағынтаев.