01.07.2021 _ 16:00

300 млн АҚШ долларына азық-түлік экспортталды - Қостанай облысының әкімі

Ауыл шаруашылығы облыс экономикасының екінші базалық бағыты болып табылады. Оның ЖӨӨ-дегі үлесі 12,5%-ды құрайды, салада 117 мыңнан астам адам жұмыс істейді, бұл жұмыспен қамтылған халықтың жалпы санының 25%-ы. 2020 жылы астықтың жалпы түсімі 4 млн тоннаны құрады. Ағымдағы жылы жаздық егіс 4,7 млн га құрады, оның ішінде 3,9 млн га дәнді және бұршақты дақылдар. Өңір басшысы Архимед Мұхамбетов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте саланың дамуы туралы баяндады
300 млн АҚШ долларына азық-түлік экспортталды - Қостанай облысының әкімі


«Соңғы 5 жылда егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыру шеңберінде майлы дақылдар егістігі 1,7 есеге ұлғайды, дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар алқаптары азайды. Айта кетейік, биыл да мемлекеттік қолдау негізгі ауыл шаруашылығы дақылдары мен мал шаруашылығы өндірісінің барлық циклін қамтыды. АӨК дамытуға 31,2 млрд теңге бағытталды. Ет өндірісінің 4,7% - ға және сүт өндірісінің 2,5%-ға өсуі тіркелді. Азық-түлік өнімдерінің экспорты бойынша облыс 2020 жылы елдегі жетекші орындардың бірін иеленгенін атап өткеніміз жөн. 300 млн АҚШ долларына азық-түлік экспортталды», - деді облыс басшысы. 


Жыл ішінде 1 млн тонна дәнді дақылдар, 800 мың тонна ұн, 10 мың тонна өсімдік майы, 8 мың тонна сүт өнімдері, 416 тонна ет және қосымша ет өнімдері, 51 млн дана жұмыртқа экспортталды. Бұл ретте, экспорттық қоржында өсімдік майының көлемі 2 есеге, ұн - 35% - ға артты.