02.07.2021 _ 15:50

Мемлекеттік Туды ел Президентінен Токиодағы олимпиадалық ту ұстаушыларға тапсырудың салтанатты рәсімі өтті

ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев олимпиадашылармен жеке кездесіп, оларға команда Олимпиада ойындарының ашылу рәсіміне алып шығатын Мемлекеттік Туды тапсыру дәстүрінің негізін қалады. Бұл дәстүрді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жалғастыруда. Бүгін ол Олимпиада командасымен кездесіп, спортшыларға сәттілік тілеп, олимпиадалық ту ұстаушыларға Мемлекеттік Туды табыс етті. Ту ұстаушылардың кандидатураларын Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің Атлеттер комиссиясы ұсынды. Екі спортшы да өз спортында көшбасшы болып табылады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР ҰОК Бас хатшысы Андрей Крюков айтып берді.
akorda.kz

Ол сондай-ақ Токиодағы Олимпиадаға дайындық өте қиын пандемия жағдайында өткенін атап өтті. 
 
«Дағдарыс басталғаннан бері қауіпсіз жаттығу процесін басқаруды ұйымдастыру, мониторинг жүргізу және ұлттық құрама командаларды барлық қажеттіліктермен қамтамасыз етуге байланысты шаралар кешенін әзірлеу үшін жедел штаб құрылды. Штаб қызметі командаларға Олимпиада алдындағы кезеңнен барынша тиімді өтуге, жаттығу процесін үзбеуге және белгіленген мерзім аяқталған соң өздерінің спорттық мүмкіндіктерінің шыңына шығуға мүмкіндік берді. Ұлттық Олимпиада комитеті спортшылар мен жаттықтырушыларға еңбектері үшін алғыс білдіреді. Қазақстандық спорт федерацияларының, кешенді-ғылыми топ мамандарының логистиканы, командаларды ұйымдастыруды және медициналық қолдауды қамтамасыз еткен үйлесімді жұмысын атап өтуіміз қажет», - деді Олимпиада комитетінің өкілі.