02.07.2021 _ 16:30

Допингсыз. «Таза» жеңіске жете алмағаны үшін айыппұл төлеп, спорттан шеттетілуі мүмкін

Допингке нөлдік төзімділік. Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова ведомствоның, Ұлттық Олимпиада комитеті мен федерациялардың ұстанымын жеткізді. Токиодағы Олимпиада қарсаңында бұл тақырып аса өзекті. Министр елімізде допингке қарсы күрес тетіктері 2 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқанын еске салды.


 
«2019 жылдан бастап спортта допинг қолдану бойынша шаралар заңнамалық түрде күшейтілді. «Дене шынықтыру және спорт туралы» ҚР Заңына, Әкімшілік кодекске допинг пайдаланғаны анықталса, спортшыларды дисквалификациялауды көздейтін толықтырулар мен өзгерістер енгізілді. Әкімшілік жауапкершілік, 200 АЕК-ке дейінгі ақшалай айыппұл, сондай-ақ жарыстағы жеңістен кейін оның кінәсі расталса, барлық жүлделі атақтар мен тұрғын үйден айыру қарастырылған, мұндай шаралар да қабылданады», - деді Райымқұлова. 


Айта кетейік, ол мұндай шара допингке қарсы ережелерді бұзғаны үшін республиканың еңбек сіңірген жаттықтырушыларының біріне қолданылғанын еске салды. Спорт пен жетістіктердің тазалығы өте мұқият қадағаланады. Дене шынықтырумен қатар үлкен психологиялық дайындық та жүргізіледі.