03.07.2021 _ 11:50

«Өнер көкпарына» өңірдегі жұлдыздар да қатысады – Д.Таңатаров

3-4 шілде күндері Нұр-Сұлтан қаласында «Өнер көкпары» республикалық турнирі өтеді. Өткен жылы қолға алынған жоба өнер жұлдыздарын ұлттық спортқа тартып, оны одан әрі насихаттауға септігін тигізеді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте жоба жетекшісі, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Досымжан Таңатаров хабарлады.

«Биыл жарысқа 10 адамнан тұратын 9 команда қатысады. Жүлде қоры белгіленді. Талап бойынша командада кемінде екі танымал жұлдыз болуы керек. Оның ішінде дәстүрлі әншілер, ақындар, актерлар, әншілер, бишілер де бар. Қазір ойындар болып жатыр. Бүгін айтыскерлер Айбек Қалиев пен Бекарыс Шойбеков бастаған Түркістан мен Қостанай командалары жарысқа түседі. Шараға қатысушылар, көкпар тартып қана қоймай, әр өңірдегі өнерлі азаматтар бір-бірімен танысып, араласады. Бұл да турнирдің мақсаттарының бірі», - деді жоба жетекшісі.  


Алдағы уақытта өнер жұлдыздары арасында «Аударыспақ», «Жамбы ату», «Теңге ілу», актерлер мен актрисалар арасында «Қыз қуу» өткізу жоспарда бар.