08.07.2021 _ 16:30

Елімізде вакцинациялау курсын сол вакцинамен жүргізу ұсынылады – М.Шоранов

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте журналистер денсаулық сақтау бірінші вице-министрінен вакцинаның екі түрін араластырып салуға қатысты пікірін сұрады. Марат Шорановтың айтуынша, КВИ-ге қарсы вакцинаны қолдану жөніндегі нұсқаулықтарға сәйкес, елімізде вакцинациялау курсын сол вакцинамен жүргізу ұсынылған. «ДДСҰ-ның сәуір айындағы осы мәселеге қатысты ресми ұсынысына сәйкес, әртүрлі вакцинаны араластырып салу графигін біз қазір қолдай алмаймыз. Егер де бұл мәселеге қатысты өзгерістер болса, қосымша ақпарат беретін боламыз», - деді М.Шоранов.

Сонымен қатар, вакциналардың жетіспеушілігі мәселесіне тоқталған спикер, бүгінде Қазақстанға «Hayat-Vax» вакцинасының 1 млн дозасы жеткізілгенін хабарлады.  

«Бұл партия екіге бөлінген – 500 мың дозасы 1-ші компонентке, 500 мыңы - екінші компонентке. Бүгінде 486 мыңнан астам азамат вакцинаның осы түрінің бірінші дозасын алды. 327 мың адам екінші дозасын алды. Жалпы вакциналар бар, медициналық мекемелердің, ұйымдардың қоймаларында сақталуда. Екпенің 1-ші компонентін алғандар, график бойынша екінші дозасын ала алады», - деді спикер.