09.07.2021 _ 11:40

Ана мен баланы әлеуметтік қолдау шаралары. 1,9 млн отбасы жәрдемақылар мен төлемдер алуда

Базалық деңгейде мемлекет республикалық бюджет қаражаты есебінен бала тууға 110 846 теңгеден 183 771 теңгеге дейін біржолғы жәрдемақы алуға кепілдік береді. 2020 жылы 430,7 мың отбасыға 52,3 млрд теңге төленді. 2021 жылы жәрдемақының бұл түріне 51,4 млрд теңге қарастырылған, 6 айда 186 870 отбасы 24,6 млрд теңге сомасында алды. ҚР ЕХӘҚМ Әлеуметтік көмек саясатын дамыту департаментінің директоры Асқар Ниязов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте осындай көрсеткіштерді жария етті.

 
«Жұмыс істемейтін әйелдер үшін бала бір жасқа толғанға дейін оның күтімі бойынша ай сайынғы жәрдемақы төлеу қарастырылған. Жәрдемақының бұл түрі екінші, үшінші және одан кейінгі балаларға – 16 802 теңгеден 25 962 теңгеге дейін арттырыла отырып, баланың туу кезектілігіне байланысты төленеді. 2020 жылы бұл жәрдемақыны 120,9 мың отбасы жалпы сомасы 31,7 млрд теңгеге алды, 2021 жылға 26,2 млрд теңге қарастырылған, оның 6,8 млрд теңгесі төленді», – деді департамент директоры. 


ЕХӘҚМ мәліметінше, елімізде 458 мыңнан астам көпбалалы отбасы тұрады. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап 4 және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған балалары немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студент балалары бар көпбалалы отбасыларға табысына қарамастан берілетін жәрдемақы енгізілді. Төлемдердің мөлшері балалар санына байланысты 4 балаға 46 760 теңге, 5 балаға 58 457 теңге, 6 балаға 70 154 теңге көлемінде және одан кейінгі балалардың әрқайсысына 11 668 теңгеден сараланып, ай сайынғы негізде отбасының табысына қарамай кепілденген түрде төленеді. Ағымдағы жылдың 6 айында бұл жәрдемақыны орта есеппен 141 млрд теңге сомаға 458 878 отбасы алды. 


Көпбалалы аналардың абыройы мен беделін арттыру үшін «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған көпбалалы аналарға табысына қарамастан мемлекеттік жәрдемақы да тағайындалады. Жәрдемақы мөлшері қазіргі уақытта 18 669 теңгені құрайды, оны 230,3 мың батыр ана алады, жыл басынан бері оларға 25,8 млрд теңге төленді. Спикер «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлеріне төленетін жәрдемақы табысына қарамай, аналарға өмір бойы ай сайын төленетінін атап өтті. 


«Сонымен қатар, мемлекеттік бюджеттен мүгедек бала кәмелеттік жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жәрдемақы төленеді, жәрдемақы мөлшері 48 023 теңгені құрайды. Бүгінде ол 92 059 мың отбасына 27,2 млрд теңге сомасында төленді. Мүгедектігі бар бала кәмелеттік жасқа толғаннан кейін олардың қатарынан аса мұқтаж адамдарға бала кезінен бірінші топтағы мүгедектігі бар азаматтың күтіміне байланысты жәрдемақы төленеді, оның мөлшері 48 023 теңгені құрайды, бұл жәрдемақыны бүгінде 15 мыңнан астам отбасы 4,4 млрд теңге сомасына алды. Аталған төлем түрлері баланың мүгедектігі бойынша жәрдемақыдан басқа жүзеге асырылатынын атап өткім келеді», – деді А.Ниязов. 


Сондай-ақ жұмыс берушілер қаражаты есебінен түскен әлеуметтік аударымдар негізінде жұмыс істейтін әйелдерге арналған мемлекеттік жәрдемақылардан басқа, МӘСҚ-тан жүктілікке және босануға байланысты табысынан айырылған жағдайда біржолғы әлеуметтік төлемдер тағайындады. Бүгінгі күні осы әлеуметтік төлемнің орташа мөлшері 540 мың теңгені құрайды. 2020 жылы МӘСҚ 96,4 млрд теңге төленді. Бала туғаннан кейін МӘСҚ-тан 1 жасқа дейінгі баланың күтімі бойынша ай сайынғы төлемдер жасалады. 2020 жылдың қорытындысы бойынша оларды жалпы сомасы 106,4 млрд теңгеге 501,6 мың адам алды, бүгінгі күні орташа мөлшері 32 мың теңгені құрайды.  


Ағымдағы жылы жоғарыда көрсетілген әлеуметтік төлемдерге МӘСҚ қаражатынан 253,8 млрд теңге көзделген. 

«Бұдан басқа, 2014 жылдан бастап жұмыс істейтін әйелдер үшін олардың 1 жасқа дейінгі бала күтімі бойынша демалыста болған кезеңінде міндетті зейнетақы жарналарын субсидиялау енгізілді, бұл олардың зейнетақы жинақтарының ұлғаюына, зейнетақымен қамсыздандырудың барабар деңгейіне қол жеткізуге ықпал етеді. 2020 жылы республикалық бюджеттен МӘСҚ-тан 1 жасқа дейінгі бала күтімі бойынша әлеуметтік төлем алатын 87 275 адамның жеке зейнетақы шоттарына 5,7 млрд теңге аударылды. Осы жылға шамамен 7 млрд теңге қарастырылған», – деді спикер.