09.07.2021 _ 13:40

Әскери қызметшілер жеке құрамының жауынгерлік даярлығына, жауынгерлік мүмкіндіктері мен практикалық дағдыларын дамытуға ерекше көңіл бөлінеді – Қорғаныс министрінің орынбасары

Қазақстан тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап көпвекторлы сындарлы сыртқы саясатты ұстанып, халықаралық ынтымақтастық негізінде әлемде ұжымдық қауіпсіздікті қалыптастыруда зор үлес қосуда.

Қазіргі уақытта еліміз 180-нен астам мемлекетпен дипломатиялық қатынас орнатқан. Шет елдерде Қазақстан Қорғаныс министрлігінің 25 әскери атташесі, ал елімізде 44 әскери-дипломатиялық корпус өкілі жұмыс істейді. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Тимур Дәндібаев «шекарасыз» ынтымақтастық туралы айтып берді. 


Оның айтуынша, ынтымақтастық екіжақты форматта, халықаралық және өңірлік ұйымдарға қатысу шеңберінде жүзеге асырылады. Бұл ретте әскери білім, ғылым, жауынгерлік даярлық, әскери-техникалық ынтымақтастық салалары мен бітімгершілік қызметі ұдайы дамытылуда. 


«Әскери қызметшілер жеке құрамының жауынгерлік даярлығына, жауынгерлік мүмкіндіктері мен практикалық дағдыларын дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Екіжақты форматта таяу және қиыр шетел қарулы күштерінің – Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қытай, Түркия, Италия, Үндістан, Пәкістан және т.б. өкілдерімен бірлескен іс-шаралар өткізіледі. Көпжақты форматта ҰҚШҰ («Жауынгерлік бауырластық»), ШЫҰ («Бейбіт миссия»), ТМД («Жауынгерлік достастық»), БҰҰ («Дала қыраны») бірлескен оқу-жаттығулары өткізілуде. Жауынгерлік шеберлік деңгейін арттыру үшін әскери қызметшілеріміз әскери халықаралық ойындарға қатысады. Конкурстардың бір бөлігі Қазақстанда өткізіледі. Айта кетейік, шын мәнінде, АрМИ – бұл «ойын» емес, жауынгерлік дайындық түрі. Оларға қатысу әскери қызметшілердің кәсіби өсуіне, әскери шеберлігін және жауынгерлік дағдысын шыңдауға ықпал етеді. ҰҚШҰ шеңберінде әскери-техникалық ынтымақтастық жүзеге асырылуда. 1992 жылғы 15 мамырдағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы Шартқа сәйкес Ресей тарапы Қазақстанға әскери мақсаттағы өнімді жеңілдікті шарттармен жеткізеді. Екіжақты форматта Қазақстан 40-тан астам елмен әскери - техникалық ынтымақтастық орнатты», - деп атап өтті қорғаныс ведомствосының өкілі. 


Сонымен қатар, Қорғаныс министрлігі шетелдік қару-жарақ пен әскери техниканы сатып алуды әртараптандыру бойынша жұмыстар жүргізуде. Бұдан басқа, халықаралық міндеттемелерді орындау, халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға қатысу мақсатында Қазақстан Қарулы күштердің әскери қызметшілерін бейбітшілікті қолдау жөніндегі миссияларға жібереді. 2014 жылдан бастап БҰҰ миссиясына әскери байқаушылар мен штабтық офицерлер қатысады; 2018 жылдан бастап қазақстандық бітімгершілік контингент БҰҰ-ның Ливандағы миссиясына қатысуда. 2020 жылы Ливанға Бейрут портындағы жарылыс кезінде зардап шеккендерге көмек көрсету үшін ҚР ҚК Әскери-медициналық мамандарының топтары жіберілді. 


«ҚР ҚК медициналық қызметкерлері Ливанның төрт қаласында 70-тен астам операция мен 1000-ға жуық манипуляция жасады. Бітімгершілік операцияларына қатысу практикалық тәжірибе алуға, оны талдауға және дайындық процесіне енгізуге, әскери қауіпсіздіктің қазіргі заманғы қатерлеріне барабар ден қою үшін әскерлердің әлеуетін арттыру үшін Қарулы күштерді дамытуға түзетулер енгізуге мүмкіндік береді», - деп түсіндірді спикер.