09.07.2021 _ 16:10

Саяси реформалардың бір бөлігі сайлау заңнамасына әсер етті

Парламенттік оппозиция институты (азшылық) енгізілді, парламенттік оппозиция депутаттарының арасынан Парламенттің басшылық құрамы лауазымына кандидатура ұсыну құқығына кепілдік берілді. Жергілікті өкілді органдар (мәслихаттар) тепе-тең сайлау жүйесі бойынша сайланады. ҚР Әділет вице-министрі Ақерке Ахметова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте саяси реформалар туралы айтып берді.
Саяси реформалардың бір бөлігі сайлау заңнамасына әсер етті

«Әйелдер мен жастарды еліміздің қоғамдық-саяси үдерістеріне белсенді тарту үшін әйелдер мен жастардың кемінде 30%-ын партиялық тізімге енгізу туралы талап белгіленді. Жаңа саяси партиялардың мемлекеттік шешімдерін әзірлеу және қабылдау процесіне тарту мақсатында парламенттік оппозиция институты енгізілді. Партиялар құру үшін тіркеу кедергісі екі есе азайды. Саяси партиялардың Парламент Мәжілісіне өту шегі 7%-дан 5%-ға дейін төмендеді, сондай-ақ, барлық деңгейдегі сайлау бюллетеньдерінің нысандарына балама позицияны білдіру үшін «барлығына қарсы» бағандары енгізіледі», - деді спикер. 


Сонымен қатар, аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерін тікелей сайлау енгізілуде. Сайлауға үміткерлер өз кандидатураларын өз бетінше ұсына алады немесе сайлаушылардың жалпы санының 1%-ынан кем емес қол жинау арқылы саяси партиядан үміткер бола алады.