23.07.2021 _ 16:00

Ауруханаға түскен жағдайда, жалған вакцинация паспортын сатып алғаныңызды айту керек – А.Ғиният

Вакцина паспортын сататын дәрігерлер бар. Олар тиісті органдар арқылы анықталып, жауапкершілікке тартылуда. Ауруханаға түскен жағдайда, жалған вакцинация паспортын сатып алғаныңызды айту керек. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният журналистің сұрағына берген жауабында мәлімдеді.

«Вакцина алған азамат ауруханаға түскенде дәрігерлер сұрайды, қазір аурудың көп асқынбайтынын тәжірибе көрсетіп отыр, бұл науқастарға бастапқыда өте ауыр дәрілер бермейді, оларды аурудың дамуына қарай емдейді. Ал жалған вакцинация паспортын сатып алған адам ауруханаға түскен жағдайда, бұл туралы дәрігерлерге айтқаны дұрыс. Дәрігерлер ем-домды пациенттің анализдеріне, аурудың клиникалық картинасына, яғни, симптомдарына қарап, жүргізеді. Сонда да вакцина алмаған және алған адамдарға дәрігерлердің көзқарасы әртүрлі. Өйткені екпе салдырмаған адамдарда індет тез асқынып кетеді немесе инфекциялық токсикологиялық шок болады, цитокиндік дауыл сияқты осы індеттің асқынулары бар, дәрігерлер соыны қадағалап отырады. Жалған паспорт алған азаматтарға, пациенттерге, емдеп жүрген дәрігеріңізге шындықты айтуларыңызды сұраймыз»,- деді вице-министр.