28.07.2021 _ 15:50

Кейбір аймақтарда ковидтік стационарлар лық толы - А. Цой

Қазіргі уақытта денсаулық сақтау жүйесі өткен жылмен салыстырғанда екі есе жүктемемен жұмыс істеуде. Егер өткен жылы сырқаттанушылық тәулігіне 2 мың адамды құраса, ағымдағы жылдың шілде айында өсім 3 есеге асты немесе 6925 адамды құрады. Емделіп жатқан пациенттер саны 2 есеге артты. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді.
фото с сайта informburo.kz

 «Елімізде 90 мыңға жуық адам ауырып жатыр, олардың 25 мыңға жуығы стационарларда, 65 мыңға жуығы амбулаториялық ем алуда. 
Шілде айының басындағы жағдаймен салыстырғанда ауыр науқастар саны 2,1 есе өсті, шамамен 1000 науқас ӨЖЖ аппараттарына қосылды. Сонымен қатар, бірқатар өңірлерде инфекциялық және реанимациялық төсек-орындар тапшылығы орын алуы мүмкін. Нұр-Сұлтан, Шымкент қалалары және Ақтөбе, Ақмола Қызылорда облыстары тәуекел аймақта. Бірқатар өңірлердің денсаулық сақтау жүйесіне түскен жүктеме жоғары», - деді А.Цой. 


Ресми деректерге сәйкес, ҚР бойынша жалпы сырқаттанушылық пен өлім-жітімнің 65%-ы Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Атырау, Қарағанды қалаларына тиесілі. Осыған байланысты, 27 шілдеде ведомствоаралық комиссияның шешімімен аталған өңірлерде 2 тамыздан бастап күшіне енетін қосымша шектеу шаралары бекітілді.