29.07.2021 _ 11:40

Ел бойынша шомылуға рұқсат етілген 515 орын анықталды

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің төрағасы Бауыржан Сыздықов шомылу маусымы және өрт қауіпті кезеңдерінің өтуі туралы баяндады. Ведомство мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп су айдындарында төтенше жағдайдың алдын алу бойынша кешенді іс-шараларды жылма-жыл атқарып келеді. Бұл мәселе сәуір айында ведомствоаралық ТЖ алдын алу және жою жөніндегі комиссия отырысында қаралып, нақты тапсырмалар берілді.
Ел бойынша шомылуға рұқсат етілген 515 орын анықталды

«Су айдындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында ТЖМ бөлімшелері жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп практикалық және профилактикалық іс-шаралар кешенін жүргізеді. Бүгінгі күні ел бойынша шомылуға рұқсат етілген 515 орын анықталды, оның 131 коммуналдық және 303 жеке жағажай. Биыл әкімдіктер қосымша 43 коммуналдық жағажай, ал кәсіпкерлер жабдықталған 33 жағажай жасады. Министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша халықтың барлық топтарымен профилактикалық және үгіт-насихат жұмыстарын белсенді жүргізуде», - деді ТЖМ өкілі. 
Сонымен қатар, «2GIS» картографиялық платформасында барлық өңірлердегі су айдындарында шомылуға тыйым салынған және рұқсат етілген орындардың деректері жарияланды. Су айдындарында 5 500 астам ескерту белгісі орнатылды.