02.08.2021 _ 17:20

Спортшылар Олимпиададағы жарақаттарын ұмытып қалады - Қазақстан еркін, грек-рим және әйелдер күресі федерациясының вице-президенті

Жеңіске жетуге үміт! Олимпиада ойындарына осындай оймен бару керек. Тіпті жарақаттың өзі де кедергі бола алмайды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қатысушылардың сұрақтарына жауап берген Қазақстан еркін, грек-рим және әйелдер күресі федерациясының вице-президенті, Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Гюзель Манюрова мәлім етті.


Ол 2016 жылы төрт жылдағы басты ойындарға жарақатпен аттанғанын, бірақ бұл оның сайыскерлік көңіл-күйіне кедергі келтірмегенін еске салды. 


«Рио-де-Жанейрода мен де боз кілемге лицензиялық турнирде жапон спортшысымен күрескенде алған жарақатпен шыққам. Дәрігерлер ота жасауды талап етті, бірақ операция болған жағдайда Олимпиадаға бара алмас едім. Олимпиада - бұл керемет, мұнда ғажайыптар болады, тек сену керек, үміттену керек. Егер сенбесеңіз, мұнда келудің қажеті жоқ. Әрине, үлкен-кіші жарақат алған спортшылардың бәрі бұл туралы Олимпиадада ұмытып, жанын беріп күреседі», - деді федерация өкілі қазақстандық атлеттердің жағдайы туралы сұраққа жауап бере отырып. 


Айта кетейік, барлық спортшылар акклиматизациядан өтті, салмағы жақсы, жаттығуларда тыныс алуы жақсы. Салмақ өлшеу үшін ерте тұруға тура келеді, дегенмен балуандар бейімделді. 


«Бейімделу аяқталып қалды. Физикалық жағынан спортшылар үшін бәрі жақсы, қалыпты деңгейде. Неге үміттенсең, неге сенесің, бәрі соған байланысты шығар», - деді Манюрова өз шәкірттерінің жетістіктерін «болжай» отырып.