04.08.2021 _ 16:20

Вакцина барлығын және бүкіл ұжымды қорғайды – Нұр-Сұлтан қаласының бас санитарлық дәрігері

Елордада коронавирустық инфекцияның таралуы бойынша жағдай қолайсыз болып қалуда. Анықталған жағдайлармен ауруханаға жатқызулар саны әлі де жоғары. Бұл туралы Орталық коммункиациялар қызметінде өткен брифингте санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы, Нұр-Сұлтан қаласының бас санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова мәлімдеді. Оның айтуынша, инфекциялық стационарлардың жүктемесі 69% құрайды және елорда эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасы бойынша «қою қызыл» аймақтан «қызыл аймаққа» ауысты.


«Шілде айында аурушаңдық деңгейі мамыр айындағы көрсеткіштен 2,4 есеге, маусым айында 2,3 есеге артты. Ағымдағы жылдың шілде айында пандемия басталғалы бері 100 мың тұрғынға шаққанда ең жоғары апталық көрсеткіш тіркелді және 915,9 құрады. Жағдайлардың орташа тәуліктік тіркелуі маусым айында 388-ден шілде айында 1200 дейін өсті. Соңғы 19 күнде тәулігіне 1,5 мыңнан астам жағдай тіркелген. Осыған орай, вакцинаны осы мезетте алу өте маңызды. Жаңа дельта штамы аса жұқпалы және ағзаға тез әсер етіп, денсаулыққа қауіп төндіреді. Вакцина барлығын және бүкіл ұжымды қорғайды», - деді С.Бейсенова халықты вакцина алуға шақыра отырып.

 
Спикер елордада тиімділігі мен қауіпсіздігі жоғары вакциналар бар, сондықтан өзге вакциналарды күтіп, уақытты өткізіп алмау керек екендігін атап өтті.