06.08.2021 _ 12:00

Көмірсутектер мен жер қойнауын пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылау аясында жыл басынан бері 94 тексеру жүргізілді

Көмірсутектер, газбен жабдықтау және мұнай өнімдері салаларындағы кәсіпорындарды бақылауды жүзеге асыру барысында 2020 жылы 169 тексеру жүргізілді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте энергетика вице-министрі Жұмабай Қарағаев мәлімдеді. Жалпы сомасы 47,1 млн теңгеге әкімшілік айыппұлдар салынды және өндірілді.


«2020 жылы жер қойнауын ұтымсыз пайдаланғаны үшін 1 млрд 833 млн теңге сомасында залал есептелді, оның ішінде 646 млн теңге өндірілді. Қалған 1 млрд 187 млн теңге сомасына жер қойнауын ұтымсыз пайдаланғаны үшін залалды өндіріп алу бойынша жұмыс жүріп жатыр. 2021 жылғы қаңтар-маусымда 94 тексеру жүргізілді, оның ішінде рұқсат беру бақылауы – 62, жоспардан тыс тексерулер – 20, профилактикалық бақылау – 12. Жалпы сомасы 38,4 млн теңгеге әкімшілік айыппұлдар салынды және өндірілді», - деді вице-министр. 


Оның мәліметінше, бірінші жартыжылдықта жер қойнауын ұтымсыз пайдаланғаны үшін 740 млн теңге сомасында залал есептелді, оның ішінде 712 млн теңге өндірілді.