11.08.2021 _ 15:40

Реанимацияға ауыстырудың негізгі себебі - дәрігерлерге кеш жүгіну

Күнделікті мониторингке сәйкес, ағымдағы жылдың 11 тамызында өңірлер бөлінісінде 328 медициналық объектіде 55 658 инфекциялық төсек-орын дайындалды. Республика бойынша қамту 54% - ды құрайды, инфекциялық стационарлардағы реанимациялық төсек-орындар саны 4 969, қамту 45%-ды құрайды. Эпидемиологиялық жағдай күрделенген жағдайда 7 419 инфекциялық төсек-орынға арналған резерв бар. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР ДСМ стационарлық және стационарды алмастыратын медициналық көмек басқармасының бас сарапшысы Айма Сағындықова осындай деректерді келтірді.

Оның айтуынша, Атырау облысы мен Нұр-Сұлтан қаласында инфекциялық төсек-орындармен қамту көрсеткіші 69% - дан, Ақтөбе облысында - 65% - дан, Алматы қаласы мен Жамбыл облысында - 63% - дан жоғары. 


«Нашарлаудың, реанимация бөліміне ауыстырудың және ауыр дәрежедегі пациенттер санының артуының негізгі себебі пациенттердің медициналық көмекке кеш жүгінуі және ілеспе аурулардың болуы. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, тұрғындардан алдын алу шараларын сақтауға, адамдар көп жиналатын жерлерге бармауға, өзін - өзі емдеумен айналыспауға және уақытылы медициналық көмекке жүгінуге шақырамын», - деді сарапшы қазақстандықтарға.