11.08.2021 _ 16:40

«Ashyq» 12 мыңнан астам карантин режимін бұзушыны анықтады - елорданың бас санитарлық дәрігері

Ағымдағы жылдың 20 мамырынан бастап мониторингтік топтар 7 640 нысанды тексерумен қамтылып, 270 объектіде карантин режимін бұзу фактілері анықталды, олардың басым бөлігін қоғамдық тамақтану орындары құрайды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте елорданың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова мәлімдеді.
«Ashyq» 12 мыңнан астам карантин режимін бұзушыны анықтады - елорданың бас санитарлық дәрігері

«Сонымен қатар, өзін-өзі оқшаулау режимін бұзатын симптомсыз науқастардың жауапсыз тәртібі КВИ жұқтыру жағдайларының өсуіне ықпал етеді. «Ashyq» жобасы енгізілген сәттен бастап үй карантинін бұзған 12 789 адам анықталды. Оның ішінде «қызыл» мәртебесі бар 8 433 келуші және «сары» мәртебесі бар 4 356 адам бар, бұл жақын байланыста болғандар. Оның ішінде, 2021 жылғы 11 маусым мен 10 тамыз аралығында жобаға қатысушы 754 объектіде үй карантинін бұзған 9 189 келуші тіркелген. Еске сала кетейін, егер карантиндегі науқас адам санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтамаса, өзін-өзі оқшаулау режимін бұзса және айналасындағыларға қасақана жұқтыру қаупін тудырса, онда заңға сәйкес оған 30 АЕК немесе 87 510 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынады», - деді спикер. 


Еліміздің бас санитарлық дәрігерінің қаулысы бойынша 2 тамыздан бастап 5 қалада, соның ішінде Нұр-Сұлтанда демалыс күндерінің шектеу шаралары енгізілді. «Қою қызыл» аймақтағы «Ashyq» жобасының «көшбасшыларына» түн ортасына дейін, қалған қатысушыларға сағат 22.00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат етілген. Сондай-ақ, Бейсенова бизнес қоғамдастықты жауапсыз құқық бұзушыларды анықтаудағы рөліне жауапкершілікпен қарауға, ал елорда тұрғындарын -коронавирустық инфекцияны жұқтырып алудан сақтануға шақырды.