12.08.2021 _ 16:10

Резервтен бөлінген қаржы арнайы мал азығының бағасын арзандатуға ғана арналған

Маңғыстау облысына Үкімет резерві тарапынан 1,9 млрд теңге, Қызылорда облысына 1,7 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражат жергілікті бюджетке жетті, бүгінде әкімшілік оны үлестіре бастады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің м.а. Ербол Қарашөкеев мәлімдеді.
фото с сайта freeimg.ru

«Жеке қосалқы қожалықтарға және шаруа қожалықтарына берілетін бұл ақша мал азығын арзандатуға арналған. Оны жергілікті әкімшіліктер жеке қосалқы шаруашылықтардың, шаруа қожалықтарының тізімдерін нақтылап таратады. Бұл қаржы сатып алған мал азығын, жемшөпті арзандатуға ақшалай түрде алынатын болады. Қаражат тамыз айының соңына дейін игерілмек. Резервтен бөлінген қаржы арнайы мал азығының бағасын арзандатуға ғана арналған. Басқа ешқандай мақсатта жұмсалмайды», - деді Қарашөкеев. 


Сонымен қатар, қыркүйек айынан кейін шөптің болмау қаупіне байланысты жемшөп резервін құру үшін 5,3 млрд теңге қарастырылған. Маңғыстау облысының әкімшілігі 25 мың тонна шөп, 35 мың тонна жем сатып алуды жоспарлап отыр.