13.08.2021 _ 15:40

Спорт түрлері бойынша бюджет қаражатын бөлу кезінде кейбір өңірлерде саралау нәтижелері тиісті деңгейде сақталмайды - Е. Қожағапанов

Спорт түрлері бойынша бюджет қаражатының ашықтығын және теңгерімделген бөлінуін қамтамасыз ету мақсатында 2017 жылы спорт саласындағы заңнамаға «спорт түрлерін саралау» ұғымы енгізілді. Қағидаларға сәйкес жүргізілетін саралау рәсімінің қорытындылары бойынша келесі екі жылға арналған басым спорт түрлерінің тізбесі бекітіледі. Аталған тізбе спорт түрлеріне бюджет қаражатын бөлу кезінде негіз болып табылады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов мәлімдеді.

«Саралау көрсеткіштерін анықтаудың негізгі критерийлеріне мыналар жатады: жарыстарда осы спорт түрі бойынша спортшылардың спорттық жетістіктері, кадрлық әлеуеттің болуы, материалдық-техникалық базаның болуы, спорт түрі ерекшеліктерінің өңірдің климаттық жағдайларына арақатынасы және т.б.. Нәтижесінде спорт үш негізгі топқа бөлінеді. Біріншісі - дамыған спорт түрлері, екіншісі - әлеуеті бар, үшіншісі - даму әлеуеті төмен. Осылайша, қазіргі уақытта спортты қаржыландыру моделі әзірленді, ол қаржы қаражатын республикалық деңгейде объективті бөлуге кепілдік береді», - деп түсіндірді спикер. 


Сонымен қатар, спикер жергілікті атқарушы органдар еліміздің көптеген аймақтарында спорт түрлері бойынша бюджет қаражатын бөлген кезде саралау нәтижелері тиісті деңгейде сақталмайтынын жеткізді.