18.08.2021 _ 13:16

Асхат Жапсарбай: біздің міндетіміз тарифтердің негізсіз өсуіне жол бермеу

Табиғи монополияларды реттеу комитеті төрағасының міндетін атқарушысы Асхат Жапсарбай Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте тұтынушылар мен ТМС арасындағы мүдделер теңгерімін сақтау, сондай-ақ іске асырылып жатқан тарифтік саясаттың тиімділігін арттыру мақсатында Табиғи монополияларды реттеу комитетінің 2021 жылдың соңына дейін жүзеге асыруды жоспарлап отырған негізгі міндеттері туралы егжей-тегжейлі баяндады.

Оның айтуынша, қазіргі басты міндет 2021 жылдың соңына дейін коммуналдық қызметтер тарифтерінің негізсіз өсуіне жол бермеу және инфляцияға салым дәлізін сақтау болып табылады.

Сонымен қатар, «салалық МО және ЖАО-мен бірлесіп тарифтік сметалар мен инвестициялық бағдарламалардың орындалуын талдау; табиғи монополиялар саласындағы нормативтік құқықтық актілерді жетілдіру; коммуналдық салада бюджет қаражаты есебінен салынған иесіз желілер мен нысандарды субъектілердің сенімгерлік басқаруына беру мониторингі; тұтынушылардың әртүрлі топтары үшін сараланған тариф белгілеудің жаңа тәсілдерін, сондай-ақ халықтың неғұрлым әлеуметтік осал топтары үшін атаулы көмек тетіктерін әзірлеу; пилоттық режімде тариф белгілеудің ынталандырушы әдісін жетілдіру және іс жүзінде енгізу», - деп атап өтті спикер.

Мұнымен қоса, газ саласын дамытудың 2030 жылға дейінгі және тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымын дамытудың тұжырымдамаларын, сондай-ақ Электр энергетикасын дамытудың 2025 жылға дейінгі ұлттық жобасын әзірлеуге және іске асыруға қатысу көзделген.