«Біз осы елде тұрақты бейбітшілік пен тұрақтылықты орнатуға көмек көрсететін БҰҰ-ның Ауғанстанға жәрдемдесу жөніндегі миссиясының (UNAMA) рөлін жоғары бағалаймыз», - деп атап өтті спикер.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, СІМ Құзыретті ведомстволармен және қызметтермен (Алматы қ.әкімдігі, ІІМ, ИИДМ ААК, ҰҚК, ДСМ) бірлесіп, ҚР-дағы БҰҰ елдік командасымен тығыз үйлестіре отырып, рейсті қабылдау және БҰҰ-ның басқа да агенттіктерінің өкілдерін орналастыру мәселесін жедел пысықтады.
«Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Алматы қаласының әкімдігіне, сондай-ақ барлық жұмылдырылған қызметтерге ерекше алғысымды білдіргім келеді. Келгендердің барлығы БҰҰ-ның халықаралық қызметкерлері, БҰҰ паспорттары мен иммунитеттерінің иегерлері болып табылатынын атап өткім келеді. Олардың қатарында - БҰҰ Бас хатшысының Арнайы өкілі және Ауғанстанға көмек көрсету жөніндегі БҰҰ миссиясының басшысы Дебора Лионс ханым бар. БҰҰ-ға келген қызметкерлердің бір бөлігі жақын арада БҰҰ-ның басқа елдердегі бөлімшелеріне барады. Алайда, 100-ге жуық адам Қазақстанда қалады және Алматыда UNAMA-ның уақытша қашықтағы кеңсесін құрады. UNAMA қашықтағы кеңсесін орналастыру әзірге жарты жылға жоспарланған және Ауғанстандағы жағдайдың одан әрі дамуына байланысты ұзартылуы мүмкін. Қызметкерлердің тұруы, офистік үй-жайларды жалға алуы және басқалары бойынша шығыстар БҰҰ бюджетінен толық қаржыландырылады. Өз тарапынан, Қазақстан тарапы БҰҰ-ның қызметкерлерін орналастыру үшін БҰҰ-ның қауіпсіздік талаптарына және басқа да параметрлерге сәйкес келетін қолайлы үй-жайды іздестіруге жәрдем көрсетеді. Бұдан басқа, біз БҰҰ миссиясының Қазақстанда болуын халықаралық-құқықтық ресімдеу мәселесін пысықтауға кірістік. Айта кетейік, БҰҰ басшылығы UNAMA қызметкерлерінің бір бөлігін уақытша орналастырудың әртүрлі нұсқаларын қарастырды. Алматының пайдасына шешім қабылдау әр түрлі факторларға байланысты болды, соның ішінде біздің оңтүстік астанамыз халықаралық қаржы және іскерлік белсенділіктің ірі өңірлік орталығы болып табылады, дамыған инфрақұрылымы, сондай-ақ әлемнің басқа елдерімен ыңғайлы әуе қатынасы бар. Еліміздің өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісіндегі жоғары беделі де аса маңызды болды. Алматыны көпжақты ынтымақтастықтың өңірлік орталығы деп атауға болады», - деп атап өтті спикер.
Бүгінгі таңда Алматыдағы Халықаралық ұйымдардың ғимаратында аймақтық және субөңірлік мәртебеге ие БҰҰ-ның 18 агенттігінің өкілдіктері орналасқан. Сонымен қатар, қалада басқа халықаралық ұйымдар мен дипломатиялық корпус бар.
Осы тұрғыда UNAMA-ның уақытша кеңсесінің ашылуы қаланың БҰҰ-ның аймақтық хабы ретіндегі мәртебесін одан әрі нығайтуға оң септігін тигізеді.