27.08.2021 _ 16:36

БҒМ: Студенттер дәстүрлі форматта оқитын болады

Алдағы оқу жылында еліміздің жоғары оқу орындарында білім алатын студенттер дәстүрлі форматта оқитын болады. Бірақ университеттің шешімі бойынша оқу аралас форматта жүргізілуі мүмкін. Яғни дәрістер онлайн, ал семинарлық, зертханалық және тәжірибелік сабақтар офлайн форматта ұйымдастырылады. Ал, қашықтан оқыту форматы ерекше білім беру қажеттіліктері бар және тәуекел топтағы студенттерге қатысты қолданылуы мүмкін. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев мәлімдеді.



«Оқу жылының басталуы оқу курсына қарай өзгеруі мүмкін. Мәселен, 3-4 курс білім алушылары үшін 1 қыркүйектен басталса, ал 1-2 курс және магистранттар үшін оқу университеттің академиялық күнтізбесіне сәйкес қыркүйек айының соңына дейін басталады. Жоғары оқу орнының аумағы, оқу корпустары, кітапхана мен жатақханаларда міндетті түрде Ashyq қосымшасы пайдаланылатын болады. Оқу ғимараттарына «жасыл» немесе «көк» мәртебесі бар білім алушылар кіре алады. Оқу ғимараты не жатақханаға кірген кезде термометрмен тексеріп, антисептик қолдану міндетті болады. Маска режимі де қамтамасыз етіледі», - деді БҒМ өкілі.