03.09.2021 _ 11:10

Бірқатар мамандықтар 3-5 жылдан кейін ескіреді. Жаңа дағдылар қажет. Мемлекет басшысы Жолдауда кәсіби біліктілік туралы жеке заң қабылдауды тапсырды

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бірнеше жылдан бері жоғары оқу орындары мен колледждермен бірлесіп білім беру бағдарламаларын өзектендіру бойынша жұмыс жүргізіп келеді. Тіпті «Оқу орындарының білім беру бағдарламаларының рейтингі» де жасалды. Бұл процеске жұмыс берушілер тартылды. Шартты түрде, 2018 жылы олардың білім беру бағдарламаларының сапасына қанағаттануы 33% құрады, ал бүгінгі күні 52% - ға дейін өсті. Жұмыс берушілер белсенді қатысуға, бағдарламаларды өзектендіруге, оқу орындарына қандай мамандар, қандай білім, дағдылар қажет екенін айтуға тиіс. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен дөңгелек үстелде «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының адами капиталды дамыту департаментінің директоры Азамат Бейсенбенов баяндады.

«Экономиканың өзі динамикалық түрде өзгеріп жатқанын түсінеміз. Бір мамандық 3-5 жылдан кейін ескіруі мүмкін және жаңа дағдылар қажет. Мемлекет басшысы Жолдауда кәсіби біліктілік туралы жеке заң қабылдау қажеттігі туралы нақты міндет қойды», - деп атап өтті спикер.  


Мысалы, оқуды бітіргеннен кейін 3-5 жыл жұмыс істеген слесарь. Жұмыс беруші бағдарламалық жасақтамамен басқарылатын жаңа жабдық орнатты, енді ол қайта оқуы керек. Ол өз бетінше қайта оқыды, ал біліктілігін кім растайды? Жаңа заң сертификаттау жүйесін реттейтін болады.  


«Ол сертификаттау орталығына барып, біліктілігін растап, жұмысқа кірісе алады, сәйкесінше жұмыс беруші жоғары жалақы төлейді. Дәл осы Заң жұмыс берушілердің білімге қойылатын талаптарын қою мәселелерін реттейтін болады. Бұл кәсіби стандарттар болады. Бізде 580-нен астам кәсіби стандарттар бекітілді, бірақ бұл барлық кәсіптің 30% ғана. Алда үлкен жұмыс күтіп тұр. Кәсіби стандарттардың 70% әзірлеу қажет. Осы «Кәсіби біліктілік туралы» заң жобасы аясында барлық жұмысты үйлестіретін жеке орган құрылады деген үміт бар. Әрбір сала бойынша кәсіби стандарттар болғаны, сертификаттау орталықтары құрылғаны және жалпы білім беру жүйесінің нарықта қандай мамандар, дағдылар мен машықтар қажет екенін «түсінгені» өте маңызды», - деп түйіндеді сарапшы.