06.09.2021 _ 12:00

Е.Айболдинов: Жас ғалымдар кеңесі министрлік комитеттерімен тығыз жұмыс істейді

БҒМ бұйрығымен сәуір айында Жас ғалымдар кеңесі құрылды. Оған 24 жас ғалым кіреді және ғылымның әртүрлі салаларының мамандары қамтылған. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Жас ғалымдар кеңісінің төрағасы Еламан Айболдинов кеңестің мемлекеттік органдармен бірлесіп атқаратын жұмыстарына тоқталды.

«Жас ғалымдар кеңесі министрліктің қос комитетімен қоян-қолтық жұмыс атқарып жатыр. Ғылым комитетінде болып жатқан өзгерістер, заңнамалық өзгерістер, конкурсқа дайындалу, конкурстық құжаттамаларды жасау, әзірлеу сияқты жұмыстармен айналысады. Мемлекет басшысының Жолдауындағы грант мерзімін 3 жылдан 5 жылға дейін арттыру туралы шешімін жас ғалымдар да үлкен құлшыныспен қарсы алды. Бұл жас ғалымдарды ғылымға тарту, экономиканы дамытуға өз үлестерін қосуына үлкен қолдау болды. Екінші комитет – білім саласындағы Бақылау комитеті. Әрқашан да диссертациялық кеңестер, ғылыми дәреже мен ғылыми атақ алу бойынша жас ғалымдар өз ұсыныстарын білдіріп отырады. Жастар өте белсенді. Әрдайым өз ұсыныстарын айтып жатады», - деді Айболдинов.  


Оның айтуынша, қос комитет жас ғалымдардың ұсыныстарын қабылдап, қоян-қолтық жұмыс атқарып, жас буынды өз жұмыстарына тартуда.