07.09.2021 _ 11:40

Жыл соңына дейін диструктивті бағытта ықтималдылығы жоғары мақсатты топтардың 70% ақпараттық-түсіндіру жұмыстарымен қамту жоспарланған

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі дін істері комитетінің төрағасы Ержан Нүкежанов еліміздегі дін саласындағы жалпы жағдай туралы баяндады. Оның айтуынша, былтыр қабылданған дін саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған кешенді жоспар аясында үш бағыт бойынша жұмыстар жүргізілуде: мемлекет дамуындағы зайырлылық қағидаттарын нығайту; мемлекет пен конфессиялар арасындағы өзара түсіністікті қамтамасыз ету; дінді деструктивті мақсатта пайдалануға жол бермеу.

«Әлемдік пандамия салдары барлық салаға өзгерістер алып келгені белгілі. Біз де осы мәселені ескеріп, өз жұмысымызды ақпараттық салада жүргізіп отырмыз. Себебі деструктивті контенттің өзі де қазіргі кезде осы ақпараттық салаға ойысып отыр. Дегенмен осы саладағы жұмысымызды оң бағалап отырмыз. Себебі ІІ тоқсанда жүргізілген әлеуметтік зерттеулердің қорытындысы бойынша дін саласында жүргізіліп отырған мемлекеттік саясатты қолдаудың үлесі 87,6 % жетуі біздің дұрыс бағытта келе жатқанымызды көрсетіп отыр. Бұл біз үшін үлкен көрсеткіш. Ақпараттық жұмыстар жалпылама емес, мақсатты топтармен жүргізілуде. Яғни, деструктивті мәселелер туындайды деген жерлерге арнайы ақпараттық топтар жіберіліп, түсіндіру жұмыстары жүргіземіз. Бұл жұмыста өңірлер үлкен көмегін көрсетуде», - деді Нүкежанов.  


Оның айтуынша, диструктивті бағытта ықтималдылығы жоғары мақсатты топтардың жыл соңына дейін 70 пайызын қамту жоспарланған. 


«І жартыжылдықта әлеуметтік желілердегі діни деструктивті топтарда тіркелген 512 мың отандастарымыздың 84 мыңнан астамының аталған топтардан шығуына өз ықпалын тигізді. Өкінішке орай, деструктивті материалдар саны жылдан жылға артып келеді. Биыл осындай 80 мыңнан астам материал жойылып, 300 астамы бұғатталды. Дегенмен бұл мәселені тек шектеумен шеше алмайтынымыз анық. Бұл ретте мамандарымыздың медиа қабілетті болуы маңызды. Сондықтан  біз жергілікті жердегі сала мамандарына жаңа медианың қажетті дағдыларын «SMART MEDIA» жобасы арқылы үйретуді бастадық.  Қазіргі уақытта 300-ден астам маман медиа біліктіліктерін дамытты», - деді комитет төрағасы. 


Сондай-ақ, қосымша ақпараттар жариялануда. Былтыр осы кезеңде 26 мың жарияланым болғанын ескерсек, биыл 62 мыңнан астам ақпараттық материал жарияланды.