08.09.2021 _ 11:40

ҚР ҚМ: Фискалдық заңнаманы сақтау бойынша бағыттар күшейтілетін болады

Мемлекет басшысының Жолдауда бюджет кірісін ұлғайту бойынша берген тапсырмасын орындау үшін ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, шағын және орта бизнестің жосықсыз субъектілерін көлеңкеден шығару, қолма-қол ақшасыз айналымдарды әкімшілендіру және фискалдық заңнаманы сақтау бойынша бағыттар күшейтілетін болады. Бұл ретте процестерді цифрландыруға басты назар аударылуда. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жайдар Іңкәрбаев мәлімдеді.

«Көлеңкелі экономиканың үлесін 2025 жылға дейін 40%-ға төмендету үшін ҚР Қаржылық мониторинг агенттігімен бірлесіп экономиканың барлық салалары мен бағыттар бойынша Көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі іс-шаралар жоспарын өзектендіру жөнінде жұмыстар жүргізілуде. Ұлт жоспарының 42-қадамын орындау үшін 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап жалпыға бірдей декларациялау кезең-кезеңімен енгізілді. Жалпыға бірдей декларациялауға көшу көлеңкелі айналымды, сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетеді және мемлекеттік бюджетке қосымша түсімдерді қамтамасыз етеді.  Халықаралық мәліметтерді электронды түрде алмасу шеңберінде көпжақты конвенцияға қол қойылды. ҚР азаматтарының қаржылық шоттары бойынша 100-ден астам юрисдикцияда ақпарат алмасуды бастауды жоспарланған», - деді ҚР ҚМ өкілі.  


ҚР ҚМ мәліметінше, бүгінгі күні декларацияны 476 мың адам немесе жалпыға бірдей декларациялаудың 99%-ы ұсынды. Өтініш берудің ең танымал тәсілі e-Salyq Azamat мобильді қосымшасы болып табылады, оның көмегімен декларацияның 52% ұсынылды.