08.09.2021 _ 15:50

Қазақстанда коронавирустық инфекцияның таралу индексі 17% төмендеді

Соңғы айда Қазақстанда коронавирустық инфекцияның таралу индексі 17% төмендеді. Бұл ретте инфекциялық төсек-орындардың қамтылуы 56-дан 36%-ға дейін, реанимациялық төсек-орындар 45-тен 36%-ға дейін азайды. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов мәлімдеді.

Сондай-ақ, ол жаппай вакцинация науқаны аясында бірінші компонентпен егілгендер саны 7 миллионға жуықтағанын айтты. 

«Қазақстанда КВИ қарсы вакциналау жалғасуда. Бүгінгі күні вакцинаның 12,6 млн дозасы пайдаланылды. Оның ішінде бірінші компонентпен 6 928 мың адам егілді, бұл вакцинациялауға жататын халықтың 69,5% құрайды. Екінші компонентпен 5 755 мың адам қамтылды. Егу пункттерінде бірінші компоненттің шамамен 1 млн 540 мың дозасы және екінші компоненттің 880 мың дозасы бар», - деді спикер.