08.09.2021 _ 16:00

Қазақстандықтар 15 қыркүйектен бастап тұмауға қарсы егіледі - М. Шоранов

Қазақстанда тұмау мен ЖРВИ-ге қарсы егу науқанын жүргізу үшін вакцинаның 2,5 млн дозасы сатып алынды. Биыл ол 15 қыркүйекте басталады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов мәлімдеді.

Сондай-ақ, ол вакцинаны тегін ала алатын азаматтар тобын атады. 

«ЖРВИ және тұмау маусымы жақындап келеді. Ағымдағы жылы бюджет қаражатына РФ өндірілген «ГРИППОЛ +» вакцинасының 2,5 млн дозасы сатып алынды. Вакцинада алдағы маусымға қарсы штамдар бар. Бұл республиканың жалпы халқының шамамен 13% қамтуға мүмкіндік береді. ДДСҰ кемінде 10% егуді ұсынған. ЖРВИ мен тұмауға қарсы вакцинация 15 қыркүйекте басталады, бас мемлекеттік дәрігердің тиісті қаулысы қабылданды. Мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен халықтың неғұрлым осал топтары – балалар, медицина қызметкерлері, диспансерлік есепте тұрған адамдар, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар егіледі. Тұмауға қарсы ақылы егу жеке вакцинация орталықтарында және тұрғылықты жері бойынша емханалардың егу кабинеттерінде жүргізіледі. Тұмауға қарсы вакцинация жүргізетін медициналық мекемелердің мекен-жайын тұрғылықты жері бойынша аумақтық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменттері мен денсаулық сақтау басқармаларынан білуге болады», - деді М.Шоранов. 


Қазақстанда «ГРИППОЛ +» вакцинасынан басқа, үш өндірушінің тұмауға қарсы тағы 4 екпесі тіркелген. Атап айтқанда, Санофи-Пастер (Франция) өндірген «Ваксигрип Тетра» вакцинасы, «Инфлювак» (Нидерланды) және Синовак Биотек (Қытай) өндірген тұмауға қарсы вакцина.