09.09.2021 _ 11:40

90% республикалық және 80% жергілікті. Қалыпты жағдайдағы жолдардың үлесін жыл соңына дейін арттыру жоспарлануда

Биыл жол-құрылыс жұмыстарымен 8,4 мың км қамтылды, оның ішінде республикалық желі бойынша 5 мың км, оның ішінде 3,6 мың км қайта жаңарту және 1,5 мың км жөндеу жұмыстары жүргізілуде, жергілікті желінің жолдары мен көшелерінде 3,4 мың км жол-құрылыс жұмыстары қолға алынды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Камалиев хабарлады.


Ол жыл қорытындысы бойынша республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының үлесін 90%-ға дейін және облыстық және аудандық маңызы бар жергілікті желі жолдарының үлесін 80%-ға дейін жеткізуді жоспарлап отырғанын атап өтті. 

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы бойынша барлық дәліздерімізді дамыту бойынша жұмыстарды белсенді жүргізудеміз. 15 жобада жұмыстар жүргізілуде. Еліміздің шығысында біз «Талдықорған-Өскемен» (768 км) және «Қалбатау-Майқапшағай» (415 км) автомобиль жолдарын реконструкциялаймыз. Бұдан басқа, «Үшарал-Достық» (184 км) автожолын, «Меркі – Бурылбайтал», «Ұзынағаш - Отар» автомобиль жолын қайта жаңарту жүргізіліп жатыр. Батыс өңірде «Ақтөбе-Атырау-Астрахань» үлкен дәлізін қайта жаңарту жұмыстары қолға алынды. Сондай-ақ, Шамалған станциясының теміржол өткелінде жол айрығының құрылысы жалғасуда. Жалпы, жыл қорытындысы бойынша республикалық маңызы бар 2,2 мың шақырым автомобиль жолының жұмысын аяқтау жоспарланған. Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында Алматы қаласының айналма жолының құрылысы жүргізілуде, ол 2024 жылы аяқталады, толықтай жол 2022 жылы пайдалануға беріледі», - деді Камалиев. 


Сонымен қатар, Алматы қаласы мен Алматы облысынан жалпы ұзындығы 70 км ҮАААЖ-ға дейінгі 6 жолдың радиалды жолдарын салу және реконструкциялау жүргізілуде.