09.09.2021 _ 11:50

Инфрақұрылымды дамытудың «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы ұлттық жобаға айналады

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Камалиев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте автожол саласында атқарылып жатқан жұмыстар мен инфрақұрылымды дамытуға бағытталған «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында алға қойылған міндеттер туралы баяндады. Оның айтуынша, автожол саласын дамыту үшін Инфрақұрылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы әзірленді. Ағымдағы жылдан бастап ол «Қуатты өңірлер: ел дамуының драйвері» ұлттық жобасына айналады.
фото с сайта primeministre.kz

«2020 жылға дейін Қазақстанда республикалық маңызы бар жолдардың 13 мың шақырымға жуығы реконструкцияланды, бұл республикалық желінің 90%-ын және жергілікті желінің 75%-ын нормативтік жағдайға жеткізуге мүмкіндік берді. Жалпы, Ұлттық жобаға сәйкес республикалық маңызы бар жолдардың 12 мың шақырымын құрылыс және реконструкциямен, ал 11 мың шақырымын жөндеумен қамту көзделіп отыр. Сондай-ақ, жергілікті жолдарының 25 мың шақырымына жөндеу жүргізу жоспарланған», - деді Камалиев.

  
ҚР ИИДМ мәліметінше, Қазақстанда автомобиль жолдарының желісі 157 мың шақырымды құрайды, оның ішінде 25 мың шақырымы - республикалық жолдар, 71 мың км -жергілікті жолдар, сондай-ақ 61 мың км қала мен елді мекендердің автомобиль жолдары.