10.09.2021 _ 16:00

Жамбыл облысы «Ремдесивир» дәрілік затына қосымша тапсырыс берді

Жамбыл облысында бірыңғай дистрибьютормен стационар шеңберінде медициналық ұйымдарға 9,5 млрд теңге сомасына дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар жеткізілді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте өңір әкімінің орынбасары Алмас Мадиев мәлім етті.


«Коронавирустық инфекцияны емдеуге және алдын алуға арналған дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдар 410 млн теңгеге жеткізілді. «Ремдесивир» дәрілік препараты COVID-19 емдеу схемасына қайта енгізілгендігін ескере отырып, облыс бойынша «Ремдесивир» дәрілік затына 6 820 құтыға қосымша өтінім берілді, ал қазіргі таңдағы қалдығы – 2 577 құты және «Метипред» – 4145 құтыны құрап отыр. Жалпы, медициналық ұйымдарда коронавирус инфекциясын 38 дәрі-дәрмектің 36 түрі бойынша қор жеткілікті», - деді Мадиев. 


Сонымен қатар, медициналық ұйымдарда жеке қорғаныш құралдары жеткілікті. Жамбыл облысы ауруханаларының реанимация бөлімшелері медициналық жабдықтармен және оларға шығын материалдарымен жарақтандыруы 87% құрап отыр. Облыс бойынша материалдық-техникалық жарақтандырудың орташа көрсеткіші 85%-ды құрады.