15.09.2021 _ 12:11

Табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялауға негіз болған жоқ –Маңғыстау облысының ТЖД

Маңғыстау облысында қуаңшылыққа байланысты шаруалар тарапынан төтенше жағдай жариялау туралы ұсыныстар болды. Бірақ ТЖ жарияланған жоқ. Неге? Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте журналистер спикерлерге осындай сұрақ жолдады. Облыстық ТЖД бастығы Мұрат Мұқановтың айтуынша, өңір аумағында қуаңшылық кезең басталғалы ТЖД жергілікті атқарушы органдармен бірігіп, ТЖ жариялау бойынша жан- жақты ақпарат жинады. Жағдай күнделікті бақыланды.


«Елімізде ТЖ жариялау бойынша қолданыстағы заңнамалар бар. Оның ішінде, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің 2021 жылғы 3 наурыздағы №107 бұйрығы бар. Құжаттың 2.4. тармағы «Метеорологиялық және агрометеорологиялық қауіпті құбылыстар» 2.4.12. «Құрғақшылық» тармақшасы бойынша «...өсімдіктердің зақымдануын туғызатын 20 немесе одан да көп күнге күндіз ауаның салыстырмалы ылғалдылығы 30%, топырақ қабатының су қоры 35 мм және одан да көпке сақталуы...». Ал бізде ең көп дегенде 18 күн болды. Сол себепті заң бойынша табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланған жоқ», - деді ТЖД басқарма бастығы.