22.09.2021 _ 13:40

Күн сайын құтқарушылар түрлі сипаттағы ТЖ жоюға 150-ге жуық шақыртуға барады

Төтенше жағдай бөлімшелері күн сайын орта есеппен әртүрлі сипаттағы ТЖ жою үшін 100-150 шақырту бойынша шығады. Олардың басым бөлігін өрттер құрайды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің басқарма бастығы Ерлан Төрегелдиев хабарлады.

Оның айтуынша, биыл 8 айда ел бойынша 7 мыңнан астам өрт оқиғасы тіркелді, онда 1 мыңнан астам адам құтқарылды, 217 адам жарақат алып, 251 адам қайтыс болды. 


«Былтырғы жылмен салыстырғанда, жалпы, өрттердің 7,8%-ға төмендегені байқалады: тұрғын үй секторында 12,6%, бақыланатын объектілерде 1,5%. Ал, орман өрттерінің саны 11,9% артқан, дала өртінің саны 19,3%-ға азайған. Табиғи өрттердің туындау қауіп-қатерін болдырмау және азайту мақсатында орталық және жергілікті атқарушы органдар алдын алу шараларының кешенін жүргізеді. 2021 жылғы өрт қауіпті маусымда табиғи өрттердің алдын алу және оларды жою жөніндегі ведомствоаралық іс-шаралар жоспары бекітілді. ТЖМ қызметкерлері алдын алу, яғни, өрт қауіпті кезеңге дайындықты тексеру жұмыстарын қолға алды.  
Өткен кезеңде 14 мыңға жуық бірлескен рейд жүргізілді. Рұқсат етілмеген күйдіру, ауыл шаруашылығы алқаптарында құрғақ шөптің бақылаусыз жануы, орылған шөпті жағу және басқа да өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін 3 мыңнан аса адам 18 млн теңгеден астам сомаға әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - деді спкиер. 


Ел бойынша өрт қаупі бар кезең қараша айында аяқталады, сондықтан осы бағыттағы жұмыстар жалғасуда.