22.09.2021 _ 16:00

Павлодар облысында ірі кәсіпорындар қызметкерлерінің 95% вакцинацияланды

Павлодар облысына бірінші компоненттің 362 789 дозасы, 2 компоненттің 338 418 дозасы жеткізілді. Өңір тұрғындары «Спутник V», «QazVac», «Sinopharm» вакциналарымен егіле алады. Екпенің бірінші дозасын вакцинациялауға жататын облыс тұрғындарының 65,3%-ы, екінші дозаны - 57,5% салдырды. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айзада Құрмановаосындаймәліметтерді келтірді.


Иммундау қарқыны ай басынан бастап айтарлықтай өсті. Өңірде медициналық мекемелерде 153 егу пункті ашылды, 14 пункт сауда үйлерінде, кәсіпорындарда және басқа да объектілерде орналасқан. 67 көшпелі бригада, ауылдарда 5 жылжымалы медициналық кешен мен санитарлық автокөлік жұмыс істейді. 


«Дәрігер-эпидемиологтардан, қоғам өкілдерінен тұратын 20 ақпараттық топ жұмыс істейді, олар еңбек ұжымдарында, ұйымдарда вакцинациялану қажеттілігі туралы кездесулер өткізеді. Халықтың басым бөлігі - өнеркәсіптік өндіріс қызметкерлері, сондықтан әр кәсіпорында ұжымдық иммунитет қалыптастыру мәселесі біз үшін өте маңызды. Облыстың ең ірі 18 кәсіпорнында 70-тен 95% - ға дейін қызметкер егілді», - деді спикер. 


Сонымен қатар, 15 қыркүйектен бастап өңірде тұмауға қарсы иммундау басталды. Науқан барысында 160 мыңнан астам адамды қамтып, вакцинацияны 2,3 есеге арттыру жоспарланған.