23.09.2021 _ 11:40

Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге МӨЗ-ден дизель отынын жеткізу басым негізде жүзеге асырылады

Күзгі дала жұмыстарын жүргізу және жем-шөп дайындау үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 440 мың тонна дизель отыны бөлінді. Ресурс ұстаушылардың босату бағасы «ПМХЗ» ЖШС және «ПКОП» ЖШС тоннасына 189 мың теңге немесе литріне 159 теңге, және «АМӨЗ» ЖШС тоннасына 187 мың теңге немесе ҚҚС қосқанда литріне 159 теңге құрайды. Жеткізу мен сақтауды ескерсек, дизель отынының бағасы өңірге байланысты шамамен 175-180 теңгені құрайды, бұл ЖМҚС бағасынан арзан. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Энергетика министрлігінің мұнай тасымалдау және өңдеу департаментінің директоры Бауыржан Сәлімгереев мәлім етті.

Ол 20 қыркүйектегі жағдай бойынша іс жүзінде 282 мың тонна дизель отыны тиелгенін атап өтті. Күзгі-далалық жұмыстар бойынша шілде және тамыз айларының көлемі толығымен жөнелтілді, қыркүйекке мәлімделген көлем бойынша келісімшарт жасалды, төленді және жөнелту процесінде тұр. Қазан айында жеткізілім 28,5 мың тоннаны құрайды. 

«Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге мұнай өңдеу зауыттарынан дизель отынын жеткізу басым негізде жүзеге асырылады. Министрлік жөнелтімдерге тұрақты мониторинг жүргізуде. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін дизель отынымен қамтамасыз етуде олқылықтарды болдырмау үшін жоспарлы жөндеу ПМХЗ-ға ауыстырылды. Алдымен жөндеу жұмыстарын 24 шілдеде 24 күн бойы бірінші қайта өңдеумен бастау жоспарланған болатын. Іс жүзінде жөндеу жұмыстары ағымдағы жылдың 1 қазанында басталады. Жоспарлы жөндеу жұмыстарын жүргізе алмаймыз, себебі зауыттың одан әрі қауіпсіз жұмыс істеуі осыған байланысты», - деп түсіндірді спикер.