27.09.2021 _ 15:40

ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған жетінші «Айбын» республикалық әскери-патриоттық жастар жиыны ерекше жағдайда өтеді

2015 жылдан бастап жыл сайын жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу, әскери қызметті насихаттау және ҚР Қарулы Күштерінің имиджін арттыру жөніндегі жұмысты жетілдіру мақсатында Қарағанды облысында кеңінен танымал және жастар үшін бірегей алаң болып табылатын «Спасск» оқу орталығының базасында «Айбын» республикалық әскери-патриоттық жастар жиыны өткізіледі. Елімізде қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайға байланысты жиын 2020 жылы алғаш рет онлайн форматта өтті. Онлайн жиынды өткізу жастардың сұранысына ие болған цифрлық технологиялармен байланысты әскери-патриоттық тәрбиенің жаңа нысандарын қалыптастыруға ықпал етті. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР ҚК Бас штабы бастығының орынбасары - ҚР ҚК Бас штабы Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің бастығы хабарлады. Серік Борамбаевтың айтуынша, елдегі тұрақсыз эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, сондай-ақ өткен жылдардың тәжірибесі бойынша Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған жетінші республикалық «Айбын» жиынын онлайн форматта өткізу туралы шешім қабылданды.


Генерал-майор қазіргі жиынның ерекшеліктеріне тоқталды. 


«Біріншіден, жиынға қатысушылар саны 2 есе артты. Егер өткен жылдары қатысушылар саны 300-ден 500-ге дейін өзгерсе, биыл қатысушылар саны 1 110 адамды құрады. Бұл еліміздің барлық өңірлерінен 74 қатысушы команда: қалалар мен облыстардың 51 әскери-патриоттық клубы, әскери құралымдардың 17 әскери-патриоттық клубы, сондай-ақ «Жас Ұлан» республикалық (облыстық) мектептерінің 5 командасы және С. К. Нұрмағамбетов атындағы әскери колледж командасы. Сонымен қатар, онлайн-жиынға қатысушы командалардан басқа, жеке конкурстар мен жарыстарға «Айбын» мобильді қосымшасында тіркелген және конкурс пен жарыстардың барлық шарттарын орындаған 14-18 жас аралығындағы әрбір адам жеке тәртіппен қатыса алады. Екіншіден, бағдарламаға екі жаңа конкурс енгізілді: жас журналистер арасындағы «Жас Сарбаз – жас тілші» және тоғызқұмалақ ұлттық ойыны бойынша онлайн-турнир. Үшінші: жиын өткізілген 6 жыл ішінде алғаш рет тұрақты негізде ұлттық әскери-патриоттық орталық алаңында жас патриоттарға арналған алаң - «Жас Сарбаз Хаб» коворкинг-орталығы іске қосылады. Бұл «Айбын» жиынының фронт-офисі, брифинг залы және «Жас Сарбаз Медиа» студиясы орналасатын әскерге шақырылуға дейінгі жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу бойынша жұмысты ұйымдастыру және өткізу үшін құрылған алғашқы жұмыс кеңістігі», - деді спикер. 


Биылдан бастап алғаш рет патриоттық жұмысты үздік ұйымдастырғаны үшін арнайы номинация енгізіледі. Жеңімпазға географиялық орналасуына қарамастан облыс, қала, ауыл «Патриоттар мекені» ауыспалы кубогын табысталады. 


Байқау барысын веб-сайт және «Айбын» мобильді қосымшасы арқылы интернет-қолданушылары бақылай алады. Бұл сайыстың ашықтығын қамтамасыз етеді.