29.09.2021 _ 12:20

Перспективада ел экономикасына 12 трлн теңгеден астам инвестиция тарту жоспарланған

Бес жылдық перспективада 500 аса жобаны іске қосу жоспарланған. Нәтижесінде ел экономикасына 12 трлн теңгеден астам инвестиция тартылып, 100 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылады. Сондай-ақ, елге импортталатын 50 астам тауар көлемін 3 млрд АҚШ долларына дейін төмендету көзделген, ал экспортқа бағытталған 200 жуық жоба құны 6 млрд теңгеден асатын тауар беретін болады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Марат Қарабаев мәлім етті. Ведомство өкілі биыл іске қосылған бірқатар жобаларға тоқталып өтті.

«Петропавл қаласында трансформатор өңдейтін еліміздегі 4-ші зауыт іске қосылды. Олардың жалпы қуаттылығы 32 мыңнан 44 мыңға жетіп отыр. Жалпы, шекаралас қалаларда орналасқан зауыттар экспортқа арналған кәсіпорындар. Яғни, олар өндірген өнімінің 40 пайызы экспортқа шығарылады. Одан басқа, «Qaz Carbon» зауыты ферроқорытпа шығаратын тағы бір зауыт ашты. Кәсіпорын қуаттылығы 58 мың тоннаны құрайды. Ферросилиций және ферросилиций-марганец өндіреді. Былтыр Қарағанды облысында ферроқорытпа шығаратын жаңа зауыт іске қосылған. Нәтижесінде Қазақстан ферроқорытпа, оның ішінде ферросилиций бойынша әлемде 30-шы орыннан ферросилиций өндіретін 5 ірі елдердің қатарына қосылды. Бұдан басқа ірі жобаларымыз бар. Олардың бәрі іске асырылған соң Қазақстан жалпы әлемде ферроқорытпа өндірісі бойынша үшінші орыннан екінші орынға көтерілмек», - деді вице-министр. 


Сонымен қатар, Шымкент қаласында Орталық Азия елдеріндегі алғашқы алюминий банкасын шығаратын ірі жоба іске қосылмақ. Бұл тамақ өнеркәсібіне арнайы банкалар шығаратын жоба. Құны – 23 млрд теңге. Оны жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.