29.09.2021 _ 13:40

«JUNIOR EUROVISION-2021» байқауына ұлттық іріктеудің финалы 6 қарашада өтеді

Бүгін Еуропаның ең ауқымды вокалдық жобасынаҰлттық іріктеу басталады. Кастинг бірнеше кезеңнен тұрады. Алғашқы кезеңде кез келген қатысушы өтінім жіберіп, бағын сынайды. Жобаға 9-14 жас аралығындағы әрбір талантты жас қатыса алады. Онлайн өтінімдер қабылдау 6 қазанға дейін жалғасады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Adam Media» компаниясының бас продюсері Аида Тлеухан мәлім етті.

«Бүгін үміткерлерден онлайн өтінімдер қабылдау басталады. Қазақстанның намысын қорғау үшін үміткердің көп жылдық тәжірибесі немесе авторлық әні болуы міндетті емес. Ең бастысы, әнді жақсы шырқай білу және ғажайыпқа сену. Бұл бірінші кезең. 7 қазанда қазылар алқасы ең мықты деген, бәсекеге қабілетті 30 қатысушыны іріктейді. 8-12 қазан аралығында көрермендер дауыс беру арқылы ұлттық іріктеудің финалына өтетін 10 үміткерді анықтайды. Францияның Париж қаласында ел намысын қорғайтын жеңімпаздың есімі анықталатын ұлттық іріктеудің финалы 6 қараша күні «Хабар» арнасынан тікелей эфирде өтеді», - деді компанияның бас продюсері.