29.09.2021 _ 13:50

Талантты жастарды қолдау мақсатында көптеген жұмыстар атқарылуда - МСМ

Мемлекет басшысы өз Жолдауында талантты жастарды қолдауға байланысты нақты тапсырма берді. Бұл жұмыстар одан әрі өзектендірілетін болады. Қазақстандық жастар көптеген халықаралық байқауларда топ жарып жүр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрқиса Дәуешов мәлімдеді.


Бұл ретте ол «Славян базары» байқауында бас жүлде алған Рухия Байдүкенованы, «Новая волна» байқауына қатысқан «Mezzo» тобын мысалға келтіріп, жастарымыз «Голос России» немесе түркі елдерінде халықаралық деңгейде өтіп жатқан конкурстарда бағын сынайтынын атап өтті.  


«Мәдениет және спорт министрлігі осы тұрғыда қолдау көрсетуге әрқашан дайын. Балалар арасындағы EUROVISION байқауы «Хабар» агенттігімен бірлесе отырып, өткізіледі. Үлкен таланттарымызға, композиторларымызға, бүлдіршіндерімізге үмітіміз зор. Елімізде талантты балалар өте көп. Бұл ең мықты, шығармашылық жолында үлкен жетістікке жетелейтін бәсеке. «JUNIOR EUROVISION-2021» байқауына Қазақстан 4-рет қатыспақ. Биылғы жеңімпаз Парижде өтетін байқауда Ержан Максим мен Қарақат Башанованың жетісігін қайтайлайды деген толық сенімдеміз. Сондықтан балаларды әлемдік деңгейдегі байқауға қатысуға шақырамын», - деді вице-министр қатысушыларға сәттілік тілей отырып.