01.10.2021 _ 09:50

КВИ таралуына жол бермеу бойынша санитариялық ағарту, түсіндіру жұмыстары жүргізілуде

Шымкентте бастапқы медициналық көмек көрсету бойынша 36 емханада 211 мобильді бригада жасақталған. Олар үй жағдайында ем қабылдап жатқан 798 науқаспен және коронавирус жұқтырғандармен қарым-қатынаста болған 3506 адамға медициналық қызмет көрсетуде. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан хабарлады. Стационарларда дәрі-дәрмек жеткілікті, екі айлық қор жасақталды. Қор ұдайы тексеріліп, толтырылып отырады.

«Коронавирустық инфекциясының алдын алу бойынша бірқатар іс-шаралар өткізілді. 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап 30 қыркүйекке дейін 38379 нысан мониторинг жұмыстарымен қамтылды. Барлық объектілерде коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу бойынша санитариялық ағарту, түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Мониторинг қорытындысы бойынша 2462 жауапты тұлғаға хаттама толтырылып, жалпы сомасы 152 982 теңгеден астап айыппұл салынды. Соттың шешімімен 21 нысанның жұмысы уақытша тоқтатылды», - деді спикер. 


Шымкентте 8571 нысан «Ashyq» жобасы бойынша жұмыс істейді. Нысандарға «қызыл» және «сары» мәртебемен кіруге тырысқан 2 мыңнан астам адам анықталды. Сонымен қатар, 1 қыркүйектен бастап оқушылар арасында КВИ-дің 341 жағдайы оффлайн форматта оқитын оқушыларда тіркелді. Бүгінгі таңда қаланың 84 мектебінде 189 сыныпта карантин белгіленген.