01.10.2021 _ 11:40

«Халық санағы-2021» шарасы аясында интервьюерлермен үйлерді аралау кезеңі басталды

Қазақстанда Жалпыұлттық халық санағының аясында үйлерді аралау кезеңі басталды. Санаққа онлайн қатысқан азаматтарға интервьюерлер сауалдарына қайталап жауап берудің қажеті жоқ. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының басшысы Нұрболат Айдапкелов мәлімдеді. Спикер республика бойынша санақ персоналы ретінде 23 мың адам жұмысқа тартылғанын атап өтті. Олардың ішінде 2600 нұсқаушы-бақылаушы және 20 мыңнан интервьюер. Олардың барлығы 18 жастан асқан, COVID-ке қарсы вакцина алған, планшет, компьютермен жұмыс істей алатын азаматтар. Сауалнама жүргізетін қызметкерлер жұмысында планшетті қолданатын болады.


«Интервьюерді қалай тануға болады? Интервьюерде санақ логотипі бар көк шарф және сөмке болады. Электрондық санақ парақтары бар планшет, сондай-ақ, бейдж-куәлік беріледі. Бұл куәлікте аумақтық статистика департаменті басшысының қолымен және мөрімен расталған интервьюердің фотосуреті, толық аты-жөні болады. Куәліктің жоғарғы бөлігінде тіркеу нөмірі көрсетіледі. Бұл нөмірді sanaq.gov.kz сайтында «интервьюерді іздеу» жолағына енгізуге болады, содан кейін сайтта интервьюердің деректері көрсетіледі. Сондай-ақ, интервьюердің жеке басын 1446 нөміріне қоңырау шалу арқылы да тексеруге болады. Әрбір интервьюермен өтеулі қызмет көрсету туралы арнайы шарт жасалған. Онда тараптардың міндеттемелері егжей-тегжейлі сипатталған. Негізгі шарттан басқа, сауал салу жүргізу барысында респонденттер айтқан дербес деректерді үшінші тұлғаларға жарияламау туралы келісімдер жасалды», - деді Айдапкелов. 


Оның айтуынша,, интервьюерлердің жалақысы 30 күнде 104 мың теңгені құрайды. Ал нұсқаушы-бақылаушылардың 45 күндік жұмысы үшін төлем 125 мың теңгені құрайды.