01.10.2021 _ 12:10

Полиция қорқыту үшін емес, «күрделі» учаскелерде интервьюерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін еріп жүреді

Полиция қызметкерлері санақ кезінде интервьюерлермен бірге жүреді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Азамат Құрымбаев мәлім етті. Іс-қимыл алгоритмі жасалды.


«Халық санағы халықтың тыныс-тіршілігіне талдау жасауға мүмкіндік беретін маңызды оқиға болып табылады. Ішкі істер министрлігі санақ персоналының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ өзге де құқыққа қайшы әрекеттердің алдын алу бойынша Ұлттық статистика бюросына жәрдем көрсетеді. Осы мақсатта санақ қызметкерлері мен полиция органдарының өзара іс-қимыл алгоритмі жасалды. Учаскелік полиция инспекторлары қажет болған жағдайда, құқық қорғау органдарында есепте тұрған адамдар мен тұрмысы нашар отбасылар тұратын күрделі учаскелерде, саяжай алқаптарында учаскелік инспекторлар интервьюерлермен бірге жүретін болады», - деп баяндады майор. 


Айта кетейік, полицей азаматтардың рұқсатынсыз тұрғын үй-жайларға кіруге ешкімнің құқығы жоқ екенін ескертті. Олар қорқыту үшін емес, «күрделі» учаскелерде интервьюерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету еріп жүреді.