01.10.2021 _ 12:20

Жаппай аралау кезінде құпия ақпараттың қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі

Халық санағын өткізу кезеңінде деректерді орталық серверге беру екі тәсілмен жүзеге асырылады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының басшысы Нұрболат Айдапкелов хабарлады.

«Бірінші әдіс – ұялы байланыс операторының қорғалған желісі арқылы онлайн режимде планшеттен беру. Интервьюер планшетпен оператордың қызметімен қамту аймағында болған жағдайда, байланыстың мұндай түрі барлық деңгейлерде (қалалық, аудандық, ауылдық) қолданылуы мүмкін. Екінші әдіс ұялы байланыс желісі нашар шалғай елді мекендерде сауал салу жүргізу кезінде пайдаланылатын болады. Интервьюерлер үшін деректерді жергілікті атқарушы органдар қосылған арнайы желі арқылы оффлайн режимде орталық санақ серверіне беру мүмкіндігі қарастырылған. Байланыстың бұл түрі ЖАО-ның барлық деңгейлерінде қолжетімді. Бұдан басқа, барлық аумақтық статистика органдары қосылған, Бюроның ведомстволық деректерді беру желісі бойынша деректерді жіберуге болады. Барлық жіберілетін файлдар шифрланады», - деді ҰСБ басшысы құпия мәліметтердің сақталатынына тоқтала отырып.