05.10.2021 _ 12:40

2021 жылы адам саудасы бойынша 6 жағдай тіркелді

Қазақстанда адам саудасы бағытында қылмыстық заңнамада 8 бап бойынша жауапкершілік қарастырылған. Биыл ҚК 134-бабына сәйкес 6 дерек тіркелді, оның ішінде үшеуі ғаламтор ресурстарын пайдалану арқылы жасалғаны анықталды. Сондай-ақ, 128-бап Адам саудасы бойынша ҚК жалпы өндірісте 49 іс болса, оның 9-ы биыл тіркелді. Бұл туралы Орталық Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ІІМ Тергеу департаменті ұйымдастыру-әдістемелік басқармасы бастығы полиция подполковнигі Ермек Шүлден журналистердің сұрағына берген жауабында мәлімдеді.
2021 жылы адам саудасы бойынша 6 жағдай тіркелді


«ҚР Қылмыстық кодексінде адам ағзалары мен тіндерін алып қоюға мәжбүрлеу немесе оларды заңсыз алып қою, адамды ұрлау, адам саудасы, бас бостандығынан заңсыз айыру, кәмелетке толмаған адамды жезөкшелікке тарту, кәмелетке толмағандардың саудасы, жезөкшелікпен айналысуға тарту, сонымен қатар жезөкшелікпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру немесе оларды ұстау және жеңгетайлық баптары бойынша жауапкершілік көзделген. Адам саудасының алдын алуда әлеуметтік желілерге тұрақты түрде мониторинг жүргізіледі. Соның арқасында жыл басынан бері 10420 шетелдік ғаламтор ресурсы анықталды. Бұл теріс пиғылмен құрылған ресурстар. Олардың ішінде тек адам саудасына ғана қатысты емес, жалпы бүкіл құқыққа қайшы контент жинақталып, қарастырылады. Атап айтқанда, порнографиялық материалдар жариялау, экстремизм желісі бойынша, ғаламтор казинолар, есірткі қылмыстарын жасау және т.б. бірнеше саладан тұрады. Бүгінде олардың 3427-не тосқауыл қойылды. ІІМ өкілетті мемлекеттік органға уақытылы ұсыныс жолдау арқылы осындай ғаламтор ресурстары бұғатталады», - деді спикер өз жауабында. 


Оның айтуынша, адам саудасы туралы мәлімет берген адамның жеке басын қорғау бойынша ҚР Қылмыстық процестік кодексінің 97-бабына сәйкес қауіпсіздік шаралары қарастырылған.