13.10.2021 _ 12:10

Каспий су тұщыландыру зауыты алдағы жылы іске қосылады - ҚР ИИДМ өкілі

Қазақстан бойынша тұщы ауыз судың ең қымбат тарифі Маңғыстау облысында тіркелген – текше метріне 200 теңге. Теңіз жағасында орналасқан бұл өңірде неге су қымбат? Маңғыстауда күніне 19 мың м3 су жетіспейді. Бұл өзекті мәселе қалай, қашан шешіледі? Орталық комуникациялар қызметінде өткен брифингте спикерлерге осындай сұрақ қойылды. ҚР ИИДМ құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Бейбіт Шаханов өңірде су тапшы екендігін атап өтті. Бүгінде облыс суды Астрахань-Маңғышлақ топтық су құбырынан, сондай-ақ Каспий суын тұщыландыру арқылы және жер асты суларынан алады.

«Маңғыстауда неге су қымбат? Теңіздің жағасында болғанымен, суды тұщыландыру өте қымбат процесс. Зауыт салу да қымбат. Сондықтан тариф осындай. Бірақ жергілікті ауылдарға арналған мемлекеттік субсидия бар. Ол тарифті 30-40 тг дейін түсіреді. Бұрын министрлік бекіткен тізімге енген ауылдар болатын. Қазір заңға өзгеріс енгізілді. Жергілікті әкімдіктер жедел түрде іске қосылған су құбырларын тізімге кіргізіп, субсидия бөлуге мүмкіндік алды. Осындай жұмыс жасау арқылы әкімдік төлемді төмендете алады. Каспий суын пайдалану үшін Маңғыстау облысы бойынша кешенді жоспар әзірленді. Оның ішінде ауыз суды қолдануға дайындайтын 6-7 жоба кірді. Оның бірі біздің министрлік арқылы атқарылып жатыр. Келесі жылы іске қосылады деп жоспарлап отырмыз. Ол Каспий су тұщыландыру зауыты. Одан басқа, Кендірлі т.б. елді мекендерде де су тұщыландыру зауыттары салынады», - деді ковитет төрағасының орынбасары өз жауабында.