21.10.2021 _ 13:50

«Ұлттық Рухани жаңғыру» ұлттық жобасы аясында 250 жаңа нысан салынып, 1 200 мәдениет нысаны күрделі жөндеуден өтеді

Тұңғыш Президент-Елбасының бағдарламалық мақаласында көрініс тапқан «Ұлттық рухани жаңғыру» жобасының бірінші бағыты – «Рухани жаңғыру» құндылықтарын одан әрі ілгерілету. Бұл жерде мемлекеттік тілді дамыту міндеті бөлек белгіленген. Жалпы, аталған блок бойынша 38 жоба жоспарланған, олардың түпкі мақсаты ұлттың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін қолдау және дамыту болып табылады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева мәлім етті.
иллюстративное фото с сайта egemen.kz


2025 жылға дейін халықтың 88,5% «Рухани Жаңғыру» бағдарламасының жобаларымен; мектеп жасындағы балалардың 100% мәдени тәрбиемен қамту; «оқитын ұлт» жобасы шеңберінде халықтың оқырман белсенділігін 40% дейін арттыру; сондай-ақ меценаттар қаражаты есебінен 3000 нысан салу және жөндеу жоспарланған. 


Екінші бағыт «Ел Рухы» деп аталады және мәдениет саласындағы қызметтердің қолжетімділігін арттыру, сондай-ақ отандық мәдени өнімдерді, оның ішінде шетелдерде ілгерілету жөніндегі шаралар кешенін біріктіреді.  


«Бұл үшін 2025 жылға қарай 13 ірі іс-шара өткізу, 5 нақты нәтижеге қол жеткізу көзделген. Атап айтқанда, инфрақұрылымды дамыту, оның ішінде жаңа мәдени объектілер салу арқылы ауыл және шалғайдағы елді мекендер тұрғындарының 92,5% мәдениет саласы қызметтерімен қамту қамтамасыз етілетін болады. Жалпы, мәдениет нысандарына бару санын екі есеге, ал халықтың мәдениет саласындағы қызметтер сапасына қанағаттану деңгейін 75% дейін арттыру жоспарланған. Осы мақсаттар үшін 250 жаңа мәдениет нысаны салынады және жұмыс істеп тұрған 1200 мәдениет нысаны күрделі жөндеуден өтеді; еліміздің шығармашылық әлеуетін тікелей қолдау арқылы отандық мәдени өнімдерді өндіру жүйесі құрылады, оның ішінде кинопрокаттағы отандық фильмдердің үлесі 25% дейін арттырылады, жаңадан құрылатын «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігі базасында 40 жуық анимациялық фильм шығарылады, сондай-ақ үлкен шығармашылық келешегі бар талантты тұлғалардың 150 жобасына қолдау көрсетіледі», - деді ведомство басшысы перспективалармен бөлісе отырып. 


Ол отандық мәдениеттің барлық жетістіктерімен онлайн режимде танысуға мүмкіндік беретін «e-culture.kz» бірыңғай электрондық платформа жобасына ерекше тоқталды. Мысалы, үйден шықпай Жер шарының кез келген нүктесінен мұражайлар мен театрларға, кітапханаларға және басқа да мәдени көрікті жерлерді аралауға болады.