21.10.2021 _ 14:10

АҚДМ: 2025 жылға қарай жастардың мемлекеттік қолдау шараларына қанағаттану деңгейі 80% дейін артады

«Ұлттық рухани жаңғыру» жобасының үшінші бағыты «Тәуелсіздік ұрпақтары» деп аталды және еліміздің жастарына арналады. Биыл Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында туған балалар 29-30 жасқа келіп жатыр. Бұл жастар – егемен елдің төл ұрпағы ғана емес, болашақ үміті, ертеңгі иесі болып табылады. Сондықтан оларды мемлекеттік тұрғыдан қолдап, жағдай жасау жобаның негізгі мақсаттарының бірі. Ол жастардың рухани кемелденіп, кәсіби жетілуін көздейтін үш ауқымды міндетті қамтиды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева мәлім етті.
иллюстративное фото с сайта astana.gov.kz

«2025 жылға дейін жастардың базалық сұраныстарын шешу. Яғни, сапалы және қолжетімді білім беру, жұмысқа орналастыру және тұрғын үймен қамтамасыз ету; жастардың жан-жақты дамуына құқықтық жағдайлар жасап, рухани-адамгершілік және отбасылық құндылықтарға баулу; жастарды қоғамдық пайдалы істерге тартып, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиесіне жаңа мүмкіндіктер ашу жоспарланған. Бұл мәселелерді шешу үшін 15 үлкен жоба қолға алынып, нәтижесінде 8 нақты көрсеткішке жететін боламыз», - деді А.Балаева.  


Нәтижесінде, кемінде 800 мың жастарды тұрғын үй жинақ жүйесімен қамту; жастардың әлеуметтік қызметтерімен 1 млн адамға дейін қамту; барлық бағдарламалар бойынша жас отбасылар үшін қарыз үлесін 25% - ға дейін арттыру%; 1,5 млн жастарды бұқаралық спортпен және экологиялық жобалармен қамту қамтамасыз етіледі. Бұл ретте, NEET деп аталатын жастар санатын қолдау жөніндегі шаралар бойынша жұмыспен қамтылмаған жастар санын 5%-ға дейін төмендету сияқты нақты міндет қойылды. Осылайша, 2025 жылға қарай жастардың мемлекеттік қолдау шараларына қанағаттану деңгейі 80% дейін артады. 


Ведомство басшысы атап өткендей, ұлттық жобаның шоғырландырылған бюджеті 199 млрд теңгені құрайды, оның ішінде 110 млрд теңге – республикалық, 9 млрд теңге – жергілікті бюджеттерден бөлінеді. Жоба 2025 жылға дейін іске асырылады.