21.10.2021 _ 16:10

2025 жылға қарай 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту 100%-ға жетеді

Ұлттық жоба бес міндет, төрт бағыттан тұрады. Бірінші міндет – мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың қолжетімділігін және сапасын қамтамасыз ету. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте түбегейлі жаңа тұжырымдама туралы айтып берді.
иллюстративное фото с сайта informburo.kz

Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында барлық мектепке дейінгі ұйымдарда бала дамуының жаңа моделі енгізілетін болады. «Ойын арқылы оқыту» қағидаты негізінде мемлекеттік стандарт өзгертілетін болады. 


«Негізгі тәсіл - бұл ойын тәсілі, оның негізгі тұжырымдамасы. Біұл жерде дағдыларды қалыптастыруға жағдай жасау туралы айтылып отыр. Балалар бірдей емес, олардың дамуы да әртүрлі: біреу оқуды тез үйренеді, біреуі баяуырақ. Барлығын бірдей бағалау дұрыс емес. Сондықтан осы тұрғыдан алғанда, білім беру бағдарламаларының мазмұнына деген көзқарас түбегейлі өзгеруде», - деп түсіндірді еліміздің бас педагогы. 


Ресми мәліметтер бойынша, осы міндетті орындау үшін «ақша баламен бірге жүреді» қағидаты бойынша ваучерлік қаржыландыру жолымен мемлекеттік тапсырысты орналастыру арқылы мектепке дейінгі ұйымдар желісін дамыту жұмыстары жалғасатын болады. Нәтижесінде 2025 жылға қарай 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту 95%-ға, 3 жастан 6 жасқа дейін 100%-ға жетеді.